«Облыстық мамандандырылған балалар үйі» ММ
0
Маңғыстауда медицина қызметкерлері Республика күні қарсаңында марапатталды

Адам шыр етіп дүниеге келгенде, кіндік қаны тамған жерін – Отан дейді. Әрбір адамда Отанға, туған жерге деген ыстық сезім, үлкен махаббат болады. Алысқа жолаушылап кетіп, туған жеріне оралған сәтте тауы да, тасы да саған ыстық болып тұрады. Адамзаттың парызы - туған Отанын гүлдендіріп, сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу.

Маңғыстауда медицина саласының қызметкерлері Республика күні қарсаңында марапатталды. Салтанатты іс-шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев, Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Ізбасаров, өңірдің бас дәрігерлері, медицина қызметкерлері мен сала ардагерлері қатысты.

- Сіздерді еліміздің әр азаматы үшін айтулы мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл күн – ата-бабамыз аңсаған, елімізге еркіндік сыйлаған Ұлы күн. Осындай маңызды мейрам қарсаңында ақ халатты абзал жандар, медицина саласының қызметкерлерін мерекемен құттықтаймын. Сіздер жер бетіндегі сан алуан кәсіптің ішіндегі ең ізгі, ең қастерлі мамандықтың иесісіздер! Бұл – өте үлкен мәртебе. Адал ниетті еңбектеріңізбен, азаматтарымыздың денсаулығына деген ықылыс-қамқорлықтарыңызбен шынайы алғысқа лайықсыздар. Сіздердің ел денсаулығы жолында жасап жатқан игілікті істеріңізге әрдайым сәттілік тілеймін, - деді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев.

Салтанатты іс-шара қарсаңында бір топ медицина мамандарына ҚР Денсаулық сақтау министрінің «ҚР Денаулық сақтау ісінің үздігі», «Еңбек ардагері», «ҚР Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» мерекелік медалімен марапатталды. Сонымен қатар, ҚР Денсаулық сақтау министрінің «Алғыс хатымен», «Құрмет» грамоталарымен марапатталды.

Және, Облыстық мамандандырылған балалар үйі ашылғалы бері үздіксіз қызмет етіп келе жатқан, 37 жылдан жоғары еңбек өтілі бар, Балалар үйінің пост мейірбикесі Шалабаева Нурслу Куанышқызы – «ҚР Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталып, барша Балалар үйі ұжымдастарының мерейін үстем етті.

Салтанатты іс-шараның соңы мерекелік бағдарламаға ұласты. Маңғыстау облысының мамандандырылған балалар үйі ұжымы сіздерді егеменді еліміздің басты және ұлттық мерекесі – Республика күнімен шын жүректен құттықтайды! Біздің бақытымыз бен игілігіміздің бастауы болған тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын! Әрбір отбасына бірлік пен амандық, бақыт пен табыс тілеймін! Республика күні – бұл біздің рухымызды көтеретін және егеменді еліміз үшін мақтаныш сезімін тудыратын күн.